ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда үшінші қабаттан құлап 4 жасар бала ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 12.23-те «Құрылысшы» шағын ауданындағы тоғыз қабатты үйде болды.
«Ата-аналардың қарауынсыз қалған 4 жасар бала үшінші қабат терезесінен құлап кетті. Алдын ала мәлімет бойынша жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Оған қоса самай тұсынан, ішінен жарақат алған. Қазіргі кезде ауруханаға жатқан баланың жай-күйі анықталу үстінде. ТЖ департаменті ата-аналарға кішкентай балаларын қараусыз қалдырмау керектігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көлде жоғалып кеткен 8 жасар бала мен оның атасы ұшақпен іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да жоғалып кеткен ер адам 10 күннен бері іздестіріліп жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).