ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда үстіне футбол қақпасы құлаған 11 жасар бала көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға кеше кешкісін С.Датұлы көшесі, 17 мекенжайында болды.
«Балалар алаңында 2011 жылғы ұл баланың үстіне футбол қақпасы құлап кеткен. Салдарынан ашық және жабық бас-ми жарақатын алған бала сағат 22.10-да жақын маңдағы емдеу мекемесі - қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің бар күш-жігерін жұмсағанына қарамастан, бала жарты сағаттан кейін қайтыс болды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда белгісіз жәндік шағып алған 9 жасар баланың жансақтау бөлімінде жатқанын, Батыс Қазақстан облысында 5 жасар баланың суға кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).