Оралда үй алып берем деп, тұрғындарды алдаған алаяқтар сотталды

None
ОРАЛ. Қарашаның 30-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тұрғындарды алдап, ірі көлемде қаржысын қымқырған Ж.Нұрғалиева мен Г.Бисалиеваның үстінен қозғалған қылмыстық істі аяқтады.

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай,  бұл екеуі алдымен А.Исқақоваға ауыз салып, мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотекалық үй алып берем деп, 552 мың теңгесін қымқырып, тайып тұрады. Осындай жолмен таныстары К.Жаншин мен А.Байниязованы да алдап, «қызметтерін» сәйкесінше 1,92 млн. және 432 мың теңгеге бағалайды. Оларға бұл ақшаның «үй алып беретін» лауазымды қызметкерлерге берілетінін айтып және шатыстырады. Сөйтіп пара беруге мәжбүрлейді.

Осы фактілер бойынша Ж.Нұрғалиева мен Г.Бисалиеваға қатысты ҚР ҚК 177 (алаяқтық) және 312-баптарымен (пара беру) қарастырылған қылмыстық істер қозғалды.

Орал қалалық соты оларды кінәлі деп тауып, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыруға, 2 жыл сынау мерзімін белгілеуге  үкім етті.