Оралда ұялы телефон ұрлығының тек 22 пайызы ғана ашылып отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда әр үшінші ұрлық ұялы телефонға қатысты болып отыр. Бұл туралы қала прокуроры Айдын Рашидовтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық кеңесте айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы төрт айда 486 ұялы телефон ұрлығы тіркелген, бұл өткен жылғыдан (592) 17,9 пайызға аз. Бұл ретте 109 қылмыс немесе 22 пайызы ғана ашылған.

Талдау көрсеткеніндей, 157 телефон (өткен жылы осы мерзімде 124) қоғамдық көлікте, 72-сі (38) пәтер, үйлерден, жатақханалардан, 32-сі (43) түнгі клубтар мен мейрамханаларда, 17-сі (24) автокөлікте, 9-ы оқу орындарында және бесеуі медицина мекемелерінде ұрланған. Тұрғын үйлерде әдетте телефондар адамдардың еркін кіруі арқылы ұрланады. Яғни үй иелерінің өздері шақырған «қонақтары» үптеп кетеді. Осындай 58 ұрлық жасалған. Айта кетейік, тіркелген пәтер ұрлығының (308) әрбір бесіншісі ұялы телефонға қатысты. Сондай-ақ қоғамдық көлікте телефон (157 немесе 32,3 пайыз) көп ұрланады.

Телефондардың 69 пайыздайы жәбірленушілердің қалтасынан қолды болған. Ұрланған телефондардың 169-ының құны 50 мыңға дейін, 199-ы 100 мыңға дейін, 100-інің бағасы 100 мың теңгеден асады. Жәбірленушілердің көпшілігі - әйелдер (324-і немесе 66,6 пайызы) және мектеп оқушылары. Қалта ұрылары әдетте ер адамдарға жолай бермейді.