ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда көпқабатты үйдің жертөлесінде қоқыс жанып, 50 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 15.46-да Ватутин көшесі 53-үйде болды.
Бес қабатты үйдің жертөлесінде қоқыс жанған. Оның аумағы 20 шаршы метрді қамтыды.
Салдарынан 50 адам эвакуацияланса, соның 20-сы – балалар.
Зардап шеккендер жоқ.
«Тілсіз жауды» ауыздықтауға 12 адам, 1 техника жұмылдырылды. Жанған қоқыс 17.01-де сөндірілді.
Бүгін Оралда тағы бір оқыс оқиға орын алды. Сағат 16.03-те «Тюльпан-2» автогараж кооперативінде 1977 жылғы азамат ұраға құлап кеткен. Құтқарушылар (3 адам, 1 техника) оны шығарып алып, жедел жәрдем бригадасына табыс етті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).