Оралда үздік энергетиктер марапатталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында «Жайықжылуқуат» АҚ-ның салтанатты жиналысы болып, энергетика өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың атап өткеніндей, аталмыш кәсіпорын Орал қаласын жылумен қамтитын аса маңызды нысан болып табылады. Оралда жылу-қуат орталығын салу туралы шешім 1952 жылы қабылданып, келесі жылдан тұрғызыла бастаған. 1960 жылдың желтоқсанында алғашқы турбоагрегат іске қосылса, 1961 жылы жылу желілері салына бастады. Алпысыншы жылдарға дейін өңірде орталықтандырылған электр және жылу қуатының көзі болған жоқ. Орал механикалық, арматура, «Зенит» зауыттарындағы локальды дизельді электр стансаларының күші қаланың шағын ғана бөлігін қамтуға жететін. «Жайықжылуқуат» АҚ кәсіпорны 1996 жылы құрылып, кейін Үкіметтің қолдауымен Орал жылу-қуат орталығына озық технология негізінде жұмыс жасайтын жапондық газтурбиналы қондырғы орнатылды. Мұның маңызын кезінде Елбасының өзі атап көрсеткен болатын.

 

Салтанатты шара барысында үздік қызметкерлерге облыс әкімінің алғысхаттары, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» атақтары мен құрмет грамоталары табыс етілді.

Айта кетейік, «Жайықжылуқуат» АҚ-да қазіргі таңда 1125 адам еңбек етсе, соның 210-ы - инженер-техникалық қызметкерлер, 915-і - жұмысшы мамандар.