Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың атап өткеніндей, еліміздегі орман қорын көбейтіп, оны болашақ ұрпақ үшін сақтаудың маңызы зор. Осы орайда орман шаруашылығы саласына мемлекет пен облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе, орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, жаңа техникалармен қамтуға баса көңіл бөлінуде.
Жиын барысында Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат Саматов, Тайпақ орман шаруашығы мекемесінің орманшысы Серік Жұмағалиев, Чапаев орман шаруашылығы мекемесінің орман күзетшісі Абат Ибатов, Бөрлі орман шаруашылығы мекемесі орман тұқымбағының орманшысы Виктор Глуховке бірінші, тағы бірқатарына екінші және үшінші дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі табыс етілді.
«Біздің салада 400-дей адам еңбек етеді. Олардың ішінде өз қызметін адал атқаратындар баршылық. Мысалы, марапатталғандар арасынан Абат Ибатовты ерекше атап өтуге болады. Ол күзетшілік қызметін атқару кезінде қасқырды өлтіріп, әйел адамды құтқарып қалды. Облыста 8 орман шаруашылығы мекемесі бар. Саланың жыл сайынғы бюджеті 120 миллиондай теңгені құрайды. Соңғы жылдары облыс басшылығы тарапынан елеулі көмек көрсетіліп, мекемелерге жаңадан өрт сөндіретін техникалар алынды. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Мысалы, 2015 жылы орман алабында елу өрт тіркелсе, өткен жылы бірді-екілі оқиға ғана орын алды», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов.