Оралда үздік теміржолшылар марапатталды

None
ОРАЛ. 2 тамыз. ҚазАқпарат - 2 тамыз күні қалалық жастар мәдениет үйінде Көлік қызметкерлерінің күніне орай теміржол қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын өтті.

Аталмыш сала қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов: «Теміржол еліміздің күре тамыры деп айтуға болады. Өйткені ел дамуының қай саласын болмасын, теміржол қатынасынсыз елестету мүмкін емес. Еліміз Тәуелсіздік алғалы су жаңа вагон, тепловоз, электровоздарымызды шығара бастадық. Бұл - теміржол саласының дамуымен қатар, Отанымыздың машина жасау өндірісі секілді өзге де бағыттарының қарқынды дамитындығының айғағы», - деді.

Шарада Орал стансасының пойыздар құрастырушысы Қойшыбек Жантасов теміржолшылар үшін белгіленген жоғары атақ - «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды. Ал Орал стансасының жүк және қол жүкті қабылдап, тапсырушысы Бакиза Қуанышева ұзақ жыл бойы теміржол кешенінде адал еңбек етіп, қажырлы жұмысымен көзге түскені үшін еліміздің Көлік және коммуникациялар министрінің алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ бір топ теміржолшыларға түрлі деңгейдегі марапаттар табыс етілді.

Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.