Оралда үздік түлектерге құрмет көрсетілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 18 маусым күні кешкісін Абай алаңында биылғы мектеп түлектерінің балы өтті.

Оларды құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, елдің болашағы жас ұрпақтың білімімен өлшенетіні бүгінгі таңда ақиқатқа айналып отыр. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге облыстағы 4735 мектеп бітірушінің 3307-сі қатысты. ҰБТ қорытындысы бойынша орташа жинақ балл 81,25-ті құрады. 112 түлек «Алтын белгі», 37 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл - түлектердің, олардың ата-аналары мен ұстаздарының қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Өңір басшысы ҰБТ-да облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш - 123 балл жинаған «Алтын белгі» иегерлері - Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласындағы №4 мектептің түлегі Ақмарал Миндеева мен Теректі ауданындағы «Үміт» тілдер гимназиясының түлегі Нұрлан Азаматовқа ноутбук табыс етті. Сондай-ақ Нұрлан Асқарұлы өз сөзінде ҰБТ нәтижесі бойынша республиканың үздік мектептері анықталғанын, кең байтақ Қазақстан бойынша бірінші және екінші орынды БҚО-ның екі мектебі иеленгенін айтып өтті. Сол екі білім ошағы - Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат пен дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені директорларын ортаға шақырып, құрмет көрсетті. Ортаға шақырылған 70 «Алтын белгі» иегеріне төсбелгілерін табыстады.

Салтанатты жиында алаң төріне үздік аттестатқа ие болған түлектер, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, спорттық додалар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары шақырылды. Сахнаға көтерілген мектеп директорлары түлектеріне ақ жол тілеп, ізгі ниеттерін жолдады. Өнерімен елге танылып үлгерген мектеп оқушылары ән-күйімен кеш көрігін қыздырды.

Құттықтаулар легі толастай келе, алтын ұяларынан асқақ армандарына қанат қаққалы тұрған балауса бойжеткендер мен бозбалалар бой мен ой жарыстырып, сырласып өскен сыныптастарымен шыр айнала вальс биледі. Осы сәт жанарға жас үйіріп, көңілді қимастық кернеп, түлектер үшін соңғы рет сыңғырлай қоңырау соғылды. Шара соңы отшашуға ұласты.