ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда вагоннан құлаған жұмысшы мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, оқиға бүгін «Талап» АҚ құрылыс-өндірістік базасында болды.
Осында жұмысшы болып істеген 1969 жылғы ер адам биіктігі 4,5 метр вагоннан құлап кетіп, басынан жарақат алды.
Жедел жәрдем сағат 10.40-та шақырылды. Марқұм жедел жәрдем келгенген дейін көз жұмды.
Бұл – соңғы екі күнде өндіріс орнында болған екінші жағдай.
Кеше кешкісін Теректі ауданы Подстепный ауылында «Мыңжасаров» ЖК-ның сабын цехында 1975 жылғы жұмысшы мас күйінде станокқа түсіп қалған. Оң жақ қолы білезігінен қиылып кеткен, сол жақ иығы, омыртқа-қабырғалары сынған.
Қазіргі кезде ер адам қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ток соққан электриктің қаза болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).