ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда қала күніне орай волейболдан 2000-2001 және 2002-2003 жылғы жасөспірімдер арасында «Достық-Дружба» атты VІІІ халықаралық турнирі өтуде.
Волейболдан жасөспірімдер арасында БҚО құрамасының аға бапкері Сергей Казактың айтуынша, дәстүрлі жарысқа 2000-2001 жылғылар арасында Орал, Уфа, ОҚО, Атырау, Алматы облысы командалары қатысуда. Бұл топта алғашқы күндері оралдықтар атыраулықтарды 3:0 есебімен жеңді. Башқұртстаннан келген уфалықтар Алматы облысын 3:1, Атырауды 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ал оңтүстікқазақстандықтар тағы да атыраулықтардан 3:0 есебімен басым түсті. 2002-2003 жылғылар арасында Орал, Астана, Санкт-Петербор, Ақтөбе, Соль-Илецк (Орынбор облысы), Орынбор қаласы волейболшылары бақ сынауда. Мұнда әзірге астаналықтар мен ақтөбеліктер сәтті өнер көрсетуде. Елордалықтар Санкт-Петербор волейболшыларын 3:0, Соль-Илецк командасын 3:2 есебімен ұтты. Ал ақтөбеліктер 3:0 есебімен оралдықтар мен Соль-Илецкінің меселін қайырды. Есесіне оралдықтар мен орынборлықтар Санкт-Петербор командасын 3:0 есебімен жеңді.
Бес күнге созылатын турнир 13 қыркүйек күні мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).