ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда қала күніне орай волейболдан 2001-2003 және 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында «Достық-Дружба» халықаралық турнирі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі жарысқа Қазақстанмен қатар Ресейдің Самара, Орынбор, Уфа, Соль-Илецк, Бор, Новокуйбышевск қалаларынан командалар қатысуда.
Волейболдан жасөспірімдер арасында БҚО құрамасының аға бапкері Сергей Казактың айтуынша, турнирге әр жас ерекшелігі бойынша сегіз командадан күш сынасуда. Алғашқы үш күнде топтық ойындар болса, содан кейін үздік төрт команда анықталып, жүлделерді сарапқа салады.
«Жарыс мақсаты - аймақ намысын қорғайтын жасөспірім волейболшылардың шеберлігін ұштай түсу. Сондықтан Қазақстан мен Ресейдің тәжірибелі, мықты командаларын шақырдық. Алдағы қараша айында Қазақстан чемпионаты өтеді. Өткен жылы алтыншы орынға ие болсақ, биыл алғашқы үштікке іліксек пе дейміз. Барлық командалардың деңгейі шамалас, ойындар тартысты өтіп жатыр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Сергей Казак.
Айта кетейік, турнир 12 қыркүйек күні мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).