ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы «Арман» спорт кешенінде БҚО ішкі істер департаменті құрылымдары арасында волейболдан жарыс мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қызметкерлердің спорттық шеберлігін арттыру және салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында ұйымдастырылған біріншілікке 16 команда құрамында 120-дан астам ойыншы қатысты.
Жарыс қорытындысында БҚО ІІД аппаратының құрамасы жеңімпаз атанды. Теректі аудандық ішкі істер бөлімінің командасы екінші, жәнібектіктер үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ полиция майоры Ерболат Қадыр «үздік ойыншы», полиция сержанты Бағлан Жақып «үздік шабуылшы», полиция старшинасы Жайлыбек Қанафин «үздік қорғаушы», жетекші маман Жанат Жұмақұлова «жақсы ойыншы» аталымдарымен марапатталды.
Айта кетейік, 9 ақпан волейболдың дүниеге келген күні екен. 1895 жылы дәл осы күні АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Холиок қаласында жастар христиан ұйымының дене тәрбиесі жөніндегі жетекшісі Уильям Морган (1870-1942) спорт залда осы командалық ойын түрін ойлап шығарған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).