ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты ҚР аумағында заңсыз жүрген өзбекстандық азаматқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іске нүкте қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған азамат Қазақстанға 2016 жылдың қыркүйек айында келіп, биылғы тамызға дейін тіркеусіз тұрған.
Сот оны ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 517-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп тауып, оны елден шығару туралы қаулы қабылдады.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Оралда 300 шетелдік азамат жауапқа тартылды. Олардың басым көпшілігі - Өзбекстан және Ресей азаматтары. Соның ішінде 77 адамға 2 608 939 теңге айыппұл салынды. 185 адамға қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза белгіленсе, 38-і елден шығарылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).