ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында зейнеткер әйел автобуста көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін №46 бағытта қатынайтын автобус ішінде болған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдемге Мәскеу көшесі бойында «Питстоп» жанар-жағармай құю стансасы тұсынан сағат 10.57-де қоңырау шалынған.
Жедел жәрдем сағат 11.00-де жеткенімен, 1938 жылғы әйел оған дейін «ПАЗ» автобусының ішінде қайтыс болып кеткен.
Марқұмның мүрдесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).