ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралға жабайы елік кіріп, аула қоршауына қыстырылып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, оқиға 9 шілде күні Мәскеу көшесі бойында орналасқан Н.Назарбаев зияткерлік мектебі ауданында болды.
Сағат 10.14-те жергілікті тұрғындар аула қоршауына жабайы еліктің қыстырылып қалғанын, оны босатып жіберу керектігін хабарлаған.
Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел құтқару жасағының қызметкерлері (4 адам, 1 техника) қоршауға қысылып қалған елікті босатып, алған жарақатын таңып, оны Трекин кенті маңындағы орманға қарай жіберді. Жұмыс сағат 11.15-те толықтай аяқталды.
Тұрғындар сөзіне қарағанда, елік қалаға адасып кіріп кеткен болуы керек.
Еске сала кетейік, Оралда орталық алаңның біріне қабанның кіріп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).