ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық соты бүгін жалған ақша жасаушыларға қатысты үкімді жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ерлі-зайыпты Евгений мен Данэль Скоробогатовтар және Дмитрий Воробьев 20 мың теңгелік жалған ақша жасаумен айналысқан.
Сотталушылар жалған ақшаларды дүкен, базар, дәріхана, кафелерде өткізген. Сөйтіп барлығы 22 жәбірленушіге 440 мың теңге залал келтірген.
Сот оларды ҚР ҚК 231-бабы 2-бөлігі 1, 2-тармақтары, 190-бабы 2-бөлігі 1, 2 тармақтары бойынша айыпты деп таныды. ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігі қолданыла отырылып, үшеуі де қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру жолымен мүліктерін тәркілеусіз 5 жылға бас бостандықтарынан айыру ретіндегі түпкілікті жазаны қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Тәрбиесінде кішкентай балалары бар Д.Скоробогатоваға ҚР ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі негізінде жазасын өтеу бес жылға кейінге қалдырылды.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).