ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Достық үйінде Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының этностар күні аясында балаларға арналған «Жан шуағы» қайырымдылық шарасы өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Жаңа жыл мерекесіне орай «Масис» армян этномәдени бірлестігі ұйымдастырған шараға Орал қаласындағы зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатынан 33, отбасылық үлгідегі балалар ауылынан 15 бала қатысып, оларға ойыншықтар мен тәтті тағам салынған сыйлық қоржыны табыс етілді.
Аталмыш бірлестік төрағасы, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Аветик Амирханян жиналғандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен және Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Елбасы мұқтаж жандарға қолұшын созуды ассамблеяға жүктегенін, сондықтан мұндай игі шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Бұдан кейін өңірге танымал өнерпаздар балаларға арнап концерт қойды. Ондағы туындылар негізінен қазақ тілінде орындалып, жас жеткіншектерді бірлік пен ынтымаққа үндеді.
Айта кетейік, этномәдени бірлестіктер арнайы мектептерде тәрбиеленетін балаларға жыл бойы қайырымдылық көмектерін көрсетіп келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).