Оралда жаңа бульвар ашылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Тұңғыш Президент күніне орай жаңа нысандар ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Соның бірі №4 және №6 шағынаудандар арасында жаяу жүргіншілерге арналған бульвар пайдалануға берілді. Оның ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Мұрат Мұқаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, Елбасы тапсырмасына сәйкес шаһарды абаттандыру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайтын бульвардың 3,5 мың шаршы метріне өрнектас, 1,5 мың шаршы метріне асфальт төселді. 80 көше шамы орнатылып, жүзден астам шырша отырғызылды. Жаңа нысанға 111 млн теңге жұмсалды. Осылайша, бұрын шаңы бұрқырап, бос жатқан жер қала тұрғындары демалатын орынға айналды.

 

Орал қаласында күні бүгін 54 саябақ болса, алдағы жылы тағы бесеуі салынып, басқа шағынаудандар абаттандырылатын болады. Қазіргі кезде бұл нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Оған қоса «Строитель» шағынауданы маңында Жасыл бульвар жобасы да мемлекеттік сараптамадан өтті.

Мерекеге орай қалаға қарасты Бортау (Меловые Горки) кентінде жаңа спорт алаңы ашылды. Мұнда енді тұрғындар футбол, волейбол, баскетбол сынды спорт түрлерімен айналыса алады. Жарықтандырылып, абаттандырылған алаңда жарыс та өткізуге болады. Нысан құрылысына 14,491 млн теңге бөлінді.

 

Жалпы, биыл облыс орталығында 20 спорт және балалар алаңы іске қосылмақшы. Бұл 12 мыңнан астам адамның спортты серік етуіне мүмкіндік береді. 2018 жылы Оралда осындай тағы 22 нысан салу жоспарланып отыр.