Үйлерді салтанатты тапсыру рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындарды алдағы жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру басты міндет екенін атап өтті. Осы орайда әр отбасын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар аса маңызды. Жаңадан берілген үш үйде барлығы 360 пәтер бар. Пәтерлер „Отбасы банк“ АҚ арқылы тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде есепте тұрған азаматтарға жеңілдетілген пайыз арқылы берілуде. Қазіргі таңда Оралда мемлекеттік бағдарламалар бойынша 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы Үкіметтің „Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы“ қаулысы шықты. Соған сәйкес Оралда үй кезегінде тұрғандар үшін 25 пәтер сатып алынды. Алдағы жылы бұл жұмысты жалғастырып, 130-дай жаңа пәтерді сатып алу көзделуде», деді өңір басшысы.
«Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылып жатқан жобаға сәйкес аталмыш үйлердегі пәтерлер жылдық сыйақы мөлшерлемесі екі пайыздан аспайтын ипотекалық несие беру арқылы сатылған.
Бұл жобаға қатысуға биыл қыркүйек айында осыншама адамнан өтініш қабылданып, мақұлданды. Олардың қатарында мүгедек бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, бірінші және екінші топтардағы мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
«Өте ризамыз. Жаңа жылмен жеткен қоныстой болды. Осы сәтті асыға күткенбіз. Бүгін отбасымыз шаттыққа кенеліп жатыр. Елімізде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға жаңа мүмкіндіктер жасалып жатыр. Мұндай бағдарламалардың аясы кеңейе берсін! Еліміз аман, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!» дейді көпбалалы ана Мейрамгүл Оразәлиева.
Орал қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтерлер кезегіне 22 мыңнан астам адам тіркелген.
Облыс орталығында жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Ақжайық» шағынауданында да құрылыс қызу жүргізіліп жатыр. Мұнда 25 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Онда жалпы саны 5 мыңға жуық пәтер болады.
Қазіргі таңда бұл аумақта 11 тұрғын үй салынуда.