Оралда Жаңа жыл мерекесіне арналған қайырымдылық сипатындағы шаралар жалғасуда
Кеше Орал қалалық мәслихатының хатшысы Марс Сатыбалдиев пен қалалық мәслихат депутаты Асқар Ликеров «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің бүлдіршіндерін құттықтап, мерекелік тартуларын табыс етті. Бұдан кейін балалар Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен шыршаны айналып, ән салып, би биледі.
«Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің меңгерушісі Өмірбай Қалымбетовтің айтуынша, мұнда жетімдер үйінен келген 114 тұрғынның 27-сі - отбасын құрғандар, 12-сі - жалғызбасты аналар, 62-сі - балалар. Бала санының көбеюіне байланысты жатақхана тарлық етуде. Бұл үйде негізінен заң бойынша 23 жасқа дейін тұрып, одан кейін әркім үй болып, жеке шаңырақ көтеруі тиіс. Қазіргі көкейкесті мәселе - осы жастан асқандарды үймен қамту. Аталмыш бағытта бірқатар шаралар қолға алынуда, жастар жұмыспен қамтылған.
Осындай шыршатой Оралға қарасты Зачаган кентінде «Ани плаза» мейрамханасында ұйымдастырылып, оған осы аумақтағы білім ордаларынан, отбасылық үлгідегі балалар ауылынан ата-ана мейіріміне зәру, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан 50-ден астам балдырған қатысты. Кент әкімі Құрманғали Байғаржанов балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, шараға демеушілік көрсеткен жас кәсіпкер Қанат Талғатовқа алғысын білдірді. Шыршатойдан кейін балдырғандарға арналған дастархан жайылды.
Мұндай қайырымдылық сипаттағы шаралар облыс аудандарында да өтуде.