ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жаңадан «Ақжайық» шағынауданы салынады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Халық алдындағы есебінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтің мәлім еткеніндей, жаңа шағынауданда 150 көп қабатты үй бой көтеретін болады. Онда 50 мың халық тұрады деп есептелуде.
2020 жылға қарай Зачаган кентінде Орал-Саратов, Орал-Атырау күре жолы аралығында көп қабатты үйлер салынып бітеді. Осындай жұмыстар қаланың солтүстік-шығыс ауданында да атқарылады.
«Ақжайық» шағынауданына тезірек жету үшін көпір де салынады. Бұл мақсатқа бюджеттік және шетелдік қаржылар да тартылады. Мысалы, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының өңірдің әлеуметтік жобаларына жыл сайынғы бөлетін қаржысы 20 млн АҚШ долларынан 30 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтылды.
Айта кетейік, Депо көпірі құрылысы біткеннен кейін «Омега» зауыты ауданындағы көпір де екі есеге кеңейтіліп, қайтадан салынады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).