Оралда жарық сөніп, бағдаршам істен шыққанда полицей көліктерге газетпен бағыт берді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жарық сөніп, бағдаршам жұмыс істемегенде, полиция қызметкері жүргізушілерге газетпен бағыт берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 14 маусым күні болды.

Қаланың бірнеше шағынауданында жарық өшіп, бағдаршамдар жұмыс жасамады.

Әсіресе, шамамен сағат 16.15-те Әбілқайыр хан даңғылы мен Сырым Датұлы көшесі қиылысында жол кептелісі болып, автокөліктің жүруі қиындады.

Сол кезде кептеліске тап болған, өзі кезекті еңбек демалысында жүрген полиция аға лейтенанты Руслан Жексенов автокөлігін тұраққа қойған.

Сосын қолына іліккен газетті арнайы таяқша орнына қолданып, бағыт-бағдар жасады.

«Жолаушылар мен жүргізушілер осы сәтті бейнекамераға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Руслан Мәлікұлының кептеліске бейжай қарамай, жүргізушілерге көмектескені тұрғындар тарапынан қызу қолдау туғызды», - деп хабарлады ведомстводан.