ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Оралдағы Жеңіс алаңында азаматтық қорғау ардагерлері, өрт сөндіру бөлімшелерінің ұжымдары, өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің басшылары бас қосты.
Онда жас өрт сөндірушілер салтанатты түрде ант қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Рашид Блялов жеке құрам мен меймандарды еліміздегі ең ұлық мейраммен құттықтап, сала қызметкерлерінің төтенше жағдайларды болдырмау және зардаптарын жоюдағы жанқиярлық еңбегін атап көрсетті. Департамент ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Людмила Бизянова жас қызметкерлерге ақ жол тіледі.
ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, осындай мерекелі күні БҚО өртке қарсы қызмет гарнизоны жәдел әрекет ету автокөлігімен және КамАЗ 5350 шассиіндегі АЦ-5 өрт сөндіру көлігімен толықты. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті арқылы келген бұл екі арнайы көліктің жалпы құны 59 млн. теңге тұрады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).