ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жол апаттарының жиілеуіне байланысты 2 ақпаннан бастап "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу шаралары қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, алғашқы күні-ақ 156 құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде 75 жүргізуші жылдамдықты арттырғаны үшін тоқтатылған. 5 адам рульге мас күйінде отырған. 10 көлік айып тұрағына қойылды.
Оралда сағат 04.30-да Еуразия даңғылы мен Алмазов көшесінің қиылысында "Мерседес" көлігін 2004 жылғы М. деген жасөспірімнің айдап келе жатқаны анықталды. Автокөлік айып тұрағына қойылып, жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, жыл басынан өңірде осындай 8 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде 2 мыңнан астам жүргізуші жылдамдықты арттырса, 156-сы рульге мас күйінде отырғаны үшін жауапқа тартылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).