ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО ТЖД жедел құтқару жасағы серуендеп жүргенде, күрделі жарақат алған 14 жасар қызға алғашқы медициналық жәрдем көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Ләйла Әбдірахманованың айтуынша, қыздың аяғын ескі плиталардан шығып тұрған темір кесіндісі (арматура) тесіп өткен. Бұл оқиға Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Жигули» аялдамасы маңында орын алды. Бұл жерде тұрғын үйлерге өтер жолға асфальт төселмеген, тек темір бетон салынған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар арнайы құралмен жасөспірімнің аяғын кесіндіден босатты.
«Ол өзін шыдамды ұстады. Біз ақырын арматураны кесіп алғанда, шығып тұрған темір кесіндісін стерилденген мәрлімен орадық. Жедел жәрдем дәрігерлері қызды облыстық балалар ауруханасына алып кетті. Сол жерде ота жасалып, темір кесіндісі алынады», деді жедел құтқару жасағы медициналық-психологиялық қызметінің басшысы Нұрмұхан Жұмағалиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).