ОРАЛ. KAZINFORM – Бұдан бұрын жазғанымыздай, Орал қаласында жасөспірімді қатарластары ұрып-соққан болатын.
Орал қаласы білім беру бөлімінің нақтылауынша, № 17 орта мектепте аталған жасөспірімге қатысты осы оқиғаға дейін буллинг, психологиялық және басқа қысым көрсету деректері тіркелмеген.
Алайда өткен жылғы қазан айында жасөспірімнің соққыға жығылғаны белгілі болды.
- Аталған оқиға туралы мектеп әкімшілігі білім беру бөлімінің қаперіне уақытылы жеткізбеген. Орал қаласы білім беру бөлімінің бұйрығымен мектеп директоры Марат Зайнуллиев қызметінен босатылды. Кәмелетке толмағандардың құқыққа қарсы әрекеттері үшін олардың заңды өкілдері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 435-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жасөспірімді ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).