ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жастар төбелесінен кейін тағы бір адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын жазғанымыздай , 6 ақпан күні жастар төбелесіп, біреуі қаза тапқан болатын.
Тағы екі адам облыстық ауруханаға жатқызылған еді.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, соның бірі, 1988 жылғы тұрғын кеше ауруханада қайтыс болды.
«Бастапқыда оқиға бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалған болатын. Енді ол қайта дәрежеленіп, ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігіне (екі немесе одан көп адамды өлтіру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).