ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда жатақханадағы өрт кезінде 95 адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Арайлым Ғанидың айтуынша, Х.Чурин көшесі 119-мекенжайында №89А бөлмедегі өрт жөнінде хабар 20 қараша күні сағат 19.40-та түскен.
Оқиға орнына №2 өрт сөндіру бөлімінен 5 техникамен 12 адам шұғыл жеткен.
Бес қабатты жатақхананың бесінші қабатындағы бөлмеде теледидар өртеніп, жарылған.
Өрт сөндірушілердің жедел қимылы нәтижесінде 1 адам құтқарылды. Жатақханадан 95 адам шығарылса, соның 25-і - балалар.
«Тілсіз жау» тез ауыздықталып, жалынның көрші бөлмеге таралуына жол берілген жоқ.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, өрт сөндірушілер сағат 19.56-да жедел жәрдем шақырған. Бригада 20.02-де жеткен. Жеңіл түрде газбен уланған 1952 жылғы ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).