ОРАЛ. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Облыстық тарихи-өлкетану музейінде 8 мамыр күні Ұлы Жеңістің 67 жылдығына арналған «Жауынгер хаттарынан» атты көрменің ашылу салтанаты мен тарихи-тағылымды шара өтті.
Көрме Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің хаттарын, музей қорында жатқан жәдігерлерді жарыққа шығару мақсатында ұйымдастырылды. Музей қызметкерлері бүгінгі ұрпаққа әр құжат арқылы өнегелі тағылым беруде ардагерлердің ерліктерін тебірене еске ала отырып, жәдігерлер сырын ұғындыруды көздеді.
Шараның жалғасын тапқан тағылымды кездесу кеші Ұлы Отан соғысы (1941-1945) тарихын, сипатын жан-жақты қарастырып, қасіретке толы жылдарда халқымыздың көрсеткен теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратын, бірлігін үлгі ету мақсатында өткізілді.
Кездесу кешіне соғыс және еңбек ардагерлері Бисен Жұмағалиев, Қадыр Ғайсин, Майра Мақатова шақырылды. Шараға жекелеген оқу орындарының студенттері мен №5517 әскери бөлімнің сарбаздары, музей қызметкерлері қатысты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).