Оралда Жайық өзені жағасындағы үйлер тұрғындары көшіріледі

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Чапаев затоны көшесінде Жайық өзені жағалауындағы үйлерге қауіп төніп тұр.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің мәлім еткеніндей, жыл сайын көктемгі тасқын кезде су шайған жар құлап, бірте-бірте тұрғын үйлерге жақындап келеді.
Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, алдағы жылдары су тасқыны салдарынан үйлердің шайылып кету қаупі жоғары.

— Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, аталған ауданда реквизициялау жұмыстары басталды. Бұл — табиғи апаттың алдын алу мақсатында заңды негізде жүргізілетін шара. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірін сақтау жолындағы маңызды қадам. Барлық іс-шара Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі таңда тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, алдағы уақытта үйлер мен аумақтарды бағалау басталады. Бағалау қорытындысы бойынша мүлік иелеріне өтемақы төленеді әрі жер мемлекет қажетіне алынатын болады, — деді Ж.Дүйсенғалиев.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Оның айтуынша, бұл жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. 

Чапаев затоны көшесі 111-үйде тұратын Виктор Свиягин баспанасы мен жері, дүние-мүлкі әділ бағаланса екен деген тілегін жеткізді.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Осы үйде тұрып жатқанымызға 16 жыл болды. Үйіміз үш бөлмелі, жылы верандасы, аулада гараж, тауық қора бар. Бау-бақша отырғызамыз, жеміс ағаштары өсіп тұр. Комиссияның қашан келетінін әзірге білмейміз. Барлығы 10 үйдей көшіріледі деп айтылған. Бұйырғанын көреміз. Өзім биыл 66 жасқа толамын. Қалған уақытта уайымсыз өмір сүргенге не жетсін, — деді Kazinform тілшісіне В.Свиягин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендей бастағанын жазған болатынбыз.