Астана әуежайының екінші ұшу-қону жолағын салу үшін 1 мың гектардан астам жер алынады

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда әкімдігі жалпы ауданы 1 019,69 гектар жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығармақ. Мұндай шешім Астана қаласы әкімінің қаулысында көрсетілген.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Құжатқа сәйкес, жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару 2027 жылғы 1 ақпаннан 2028 жылғы 1 ақпанға дейінгі кезеңде жүргізіледі деп жоспарланған.

Жер учаскелері Есіл ауданында, Қабанбай батыр даңғылы мен әуежай маңында орналасқан. Аталған жерлер іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне берілген.

Жоба аясында «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ның қолданыстағы ұшу-қону жолағы мен инфрақұрылым нысандарын салу және реконструкциялау, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарымен бірге екінші ұшу-қону жолағын салу көзделген.

Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар хабарламаны алған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде әкімдікке тиісті өтініш жолдау арқылы келісу рәсімдерін бастауға құқылы.

Қаулыға қосымшада жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізімі берілген. Олардың қатарында мемлекеттік ұйымдармен бірге жекеменшік компаниялар да бар.

Атап айтқанда, тізімге «Астана халықаралық әуежайы» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК, «Бүркіт» мемлекеттік әуе компаниясы, «Астана – Өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ, Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және өзге де мемлекеттік органдар енгізілген.

Құжатта жер учаскелерінің нақты мына мекенжайлар көрсетілген:

- Қабанбай батыр даңғылы бойындағы №117, №119, №119/1, №119/2, №119/5, №119/7, №121, №121/2, №121/10, №121Т және №123 ғимараттар;

- осы даңғыл бойындағы №117Н, №119Г, №119Ф, №119/8, №119/11, №121/1, №121/5, №121/6, №121/7, №121/11, №121/12, №121П, №121Р, №123А, №123/1, №123В және №123Д жер учаскелері;

- №77 өткелінде орналасқан №2, №2/1, №2/2, №2/3, №3, №4, №7, №7/2, №10 және №10/1 ғимараттар;

- осы өткелдегі №1/1, №1/2, №1/3, №1А, №2/4, №4/2, №4/3, №11, №12/1, №12/2 және №12/3 жер учаскелері.

Айта кетейік, Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады.