ОРАЛ. 10 қараша. ҚазАқпарат - Оралда өңір мұғалімдерінің басылымы - «Жайық ұстазы» газетінің он жылдығы аталып өтті.
Осыған орай Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда «Жырлаймыз ұстаздар мәртебесін!» атты айтыс ұйымдастырылып, оған алты мұғалім ақын қатысты. Газеттің бас редакторы Ақмаржан Таубаева айтыстың деңгейі жоғары болғанын атап өтті.
Айтыс қорытындысында оралдық Талғат Мықи жеңімпаз атанса, тағы бір оралдық Мұрадым Мирланов бірінші орынды еншіледі. Ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев пен жәнібектік Назгүл Кәрімова - екінші, теректілік Гүлнәр Сариева мен қазталовтық Медет Жанболатов үшінші жүлдені иеленді.
Айтыс барысында облыс мұғалімдері қатысқан «Үздік сабақ» байқауының қорытындылары да жария етілді. Мұнда теректілік Шынаргүл Жанғалиева жеңімпаз атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).