Алдымен компанияның тыныс-тіршілігі жөнінде деректі фильм көрсетілді.
«Жайықмұнай» ЖШС-ның бас директоры Вячеслав Дружининнің атап өткеніндей, компания соңғы бес жылдың ішінде үлкен табыстарға қол жеткізді. Бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылды. Соның елеулісі - газды кешенді дайындау қондырғысы. Мұның жалпы құны 49 млрд. 328 млн. теңгені құрады. «Жайықмұнай» ЖШС тек салық түрінде 175,8 млн. доллар аударды.
Компания қазақстандық мамандарды оқытуға ерекше назар аударып келеді. Осы мақсатқа 7 млн. доллар жұмсалды. Қазіргі кезде компанияда қызмет істейтіндердің 97 пайызы қазақстандықтар болып табылады.
«Жайықмұнай» ЖШС ұжымын мерейтойымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ол Чинарев кенішін дамытуға 1,8 млрд. астам АҚШ доллары жұмсалғанын атап өтті. Компания мен БҚО әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес газтурбиналы электр стансасы үшін газ жеңілдетілген бағамен беріліп келеді. Бұл электр қуатының бағасын өсірмеуге септігін тигізуде. Компания кадрларды ұлттандыру, импорт алмастыру мәселелерін үнемі назарда ұстауда. Айталық, 150-ден астам жергілікті маман оқып, беделді мамандықтарды меңгерді. Әлеуметтік мақсатқа 4 млн. астам доллар бөлініп, өңір мен компания орналасқан Зеленов ауданында көптеген жұмыстар атқарылды. Ендігі мақсат - газды кешенді дайындаудың үшінші кезеңін аяқтап, өнім өндіруді екі есеге ұлғайту.
Компанияның озат қызметкерлеріне облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілді.