ОРАЛ. 24 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 24 қараша күні Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жайықта бір Жанғали» атты кітаптың таныстырылымы болды.
Шараны жүргізген белгілі әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасовтың атап өткеніндей, республикаға танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Нәбиуллиннің 75 жасқа толуына орай шығарылған кітапты қаламгердің жары Ағиба Салықова құрастырған. Мың данамен «Ағартушы» баспасынан жарық көрген жинаққа Қадыр Мырза Әліден бастап ақынның әріптестері мен замандастарының мақала-эсселері, арнау өлеңдері енгізілген.
Кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева ізгі тілегін білдіріп, Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ ақындар Қайрат Жұмағалиев, Айтқали Нәріков, Ғайсағали Сейтақ және басқалар Жанғали жырлары туралы өз ой-толғамдарын ортаға салды. Қаладағы оқу орындарының студенттері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).