ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде РУ-170/2, РУ-170/3 мекемелерінде жазасын өтеушілер арасында суреттер мен қолданбалы өнер бұйымдарының «Үміт-2017» байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Департаменттің бас маманы, әділет майоры Тимур Дүйсәлиевтің айтуынша, жыл сайын өтетін дәстүрлі байқауға 7 сурет пен 6 қолданбалы өнер бұйымы ұсынылған. Олардың ішінде мүсіндер, асүй аспаптары бар. Суреттер негізінен пейзаж жанрында салынған.
Қазылар алқасының ұйғарымымен РУ-170/2 мекемесінде жазасын өтеуші Р.Шукаловтың «Табиғат туралы» суреті мен РУ-170/3 мекемесінен А.Незнановтың «Құлагер» бұйымы үздік деп танылды. Р.Байжазықов «Кішкентай аспаз» суретімен, Е.Елемесов (РУ-170/3) «Тәж-Маһал кесенесі» бұйымымен екінші, И.Мұхамедғалиев «Сарқырама» суретімен, Т.Дәулетов (РУ-170/3) «Қазақ батыры» бұйымымен үшінші орынға ие болды.
Сайыс жеңімпаз-жүлдегерлері дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Ал жұмыстар балалар мен бөбектер үйлеріне тегін берілмек.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).