ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы қатаң тәртіптегі РУ-170/3 мекемесінде жазасын өтеушілер колония ауласында қардан қалашық жасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Аталмыш мекемедегі жасақ бастығы Азамат Зұлқашевтің айтуынша, қатаң тәртіптегі колония Оралда өткен жылы ашылды. Мұнда күні бүгін 400-ден астам адам жазасын өтеп жатса, соның көпшілігі - Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Соның ішінде 100-ден астамы жұмыспен қамтылған.
Қар мүсіндерін жасау жөнінде жазасын өтеушілердің өздері бастама көтеріп, іске кіріскен еді. Сөйтіп олар Аяз ата, аққу, қолтырауындар, тіпті ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған киіз үйге дейін жасап шығарды.
«Мен есірткі қылмысы бойынша сегіз жылға сотталдым. Қазіргі таңда соның төрт жылын өтеп үлгердім. Жаңа жыл қарсаңында қар мүсіндерін жасап, айналадағы адамдарға мерекелік көңіл күй сыйлағым келді. Алты күн уақытым кетті. Барлығы қолда бар құралдармен жасалды», - деді жазасын өтеушілердің бірі Евгений Кудрин.
Алдағы уақытта жазасын өтеушілер жаңа туындылар жасауды ойластыруда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).