Оралда жазушы Хамза Есенжановтың есімі қайта жаңғырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамза Есенжановтың есімі берілуіне орай осы рухани орталықта «Арманың үндес еді Ақ Жайықпен» атты әдеби-музыкалық шара өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кешке қатысқан БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың атап өткеніндей, кітапханаға жазушы есімін беру мәселесі көптен бері көтерілгенімен, оның сәті енді түсіп отыр. Бұл ең алдымен жас ұрпақтың туған жерін, Отанын, Хамза Есенжановтай бірегей тұлғаларды қадірлеп өсуі үшін керек. Бұл күнге жазушының ұлы Әлихан жете алмай кетсе де, Оралдағы үлкен рухани орталыққа Х.Есенжановтың есімі берілгенін келіні Дина, немересі Хакім, басқа да ағайын-тумалары, барша халық көріп отыр. Бұл - әдебиет сүйер қауым, оқырмандар үшін үлкен қуаныш.

Кеш барысында ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Айтқали Нәріков, Мұнайдар Балмолда Хамза Есенжановқа арналған өлеңдерін оқыды. Жазушы туралы естеліктер айтылып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері «Ақ Жайық» романынан сахналық көріністер қойды. Балауса оқырмандар жазушы, Ақ Жайық, туған жер туралы жыр оқып, Мұрат Әмірханов, Еркін Өтегенов сынды танымал орындаушылар әуелете ән шырқады.
 

Рухани шара барысында «Қайсар талант арқалаған нар сенім, Ұмытпайтын ұрпақтарың бар сенің» атты әдеби-деректі көрме, сондай-ақ фотокөрме ұйымдастырылды.

Айта кетейік, облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына жазушы Хамза Есенжановтың есімін беру туралы ұсыныс соғыс және еңбек ардагерлері, журналистер тарапынан 2006 жылы түсіп, баспасөз бетінде көтерілген болатын. Арада он жыл өткенде ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы №827 қаулысымен аталмыш кітапханаға Хамза Есенжановтың есімі берілді.

Хамза Ықсанұлы Есенжанов 1908 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Теректі ауданы Сарыөмір ауылында дүниеге келді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары әдеби өмірге араласқан ол 1938 жылы жазықсыз «халық жауы» атанып, 25 жылға сотталады. Тек 1956 жылы толық ақталған Хамза Есенжанов түрмеде жатқанда жаза бастаған «Ақ Жайық» трилогиясын жарыққа шығарды. Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған осы туындысы үшін 1967 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған ол «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясын жазды. «Жүнісовтер трагедиясы» романында қазақтың басына түскен байларды кәмпескелеу, ашаршылық, отызыншы жылдар зобалаңын суреттеді. Қаламгер еңбегі лайықты бағаланып, Мемлекеттік сыйлыққа қоса Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. 1974 жылы өмірден озған жазушы есімі Орал қаласындағы көшеге де берілген.