ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласында жедел жәрдем көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысты.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 31 желтоқсан күні сағат 23.50-де Зачаган кентіндегі Е.Брусиловский көшесі бойында болды.
Жеңіл автомобильмен түйіскеннен кейін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының санитарлық көлігі бағанаға барып соғылған.
- Апат салдарынан жеңіл жарақат алған екі медицина қызметкері облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем тағайындалды. Жеңіл жарақат алған автокөлік жүргізушісі ауруханаға жеткізуден бас тартты. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан жол-көлік оқиғасы бойынша анықтау және тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік өртеніп, жүргізуші күйіп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).