Оралда жедел жәрдем стансасында 34 жүргізуші қысқартылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда жедел жәрдем стансасында 34 жүргізуші қысқартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, қаладағы барлық емханаларда жедел жәрдем қызметі ашылды. Бұл жағдай осыған байланысты орын алып отыр.

«Заң бойынша жүргізушілерді жедел жәрдем стансасынан емханаға тікелей ала алмайды. Сондықтан жедел жәрдем стансасынан қысқартып, өтемақыларын төлейді. Содан кейін мүмкіндігіне қарай көпшілігін емханаларға жұмысқа алады», деді А.Сақпосынова.

Бұрын жедел жәрдем стансасында 48 бригада болса, қазір 36 қалды. Қалғаны емханалардағы жедел жәрдем қызметімен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, қалада барлығы 320 мыңдай адам тұрады.