Оралда жеке кәсіпкерді өлтіруге «тапсырыс» берген алаяқ ұсталды

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - 50 жастағы жеке кәсіпкерді «тапсырыс» бойынша өлтірмекші болған қылмыскер ұсталды.

Бұл туралы бүгін ІІМ-де өткен брифинг барысында ведомство баспасөз қызметінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Тапсырыс» беруші ЖШС бірінің директоры болып табылады. Ол бұның алдында жәбірленушіден алаяқтық жолмен 38 млн. теңгеден астам қаражаты мен пәтерін иеленген. Күдікті алаяқтық іс-әрекеттерін жасыру үшін және қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында кәсіпкерді өлтіруге «тапсырыс» берген.

«Полицияға ақпарат түсісімен оның «тапсырысын» орындауға жасырын түрде криминалдық барлау қызметінің қызметкері жіберілді. 14 мамырда БҚО жедел уәкілдері бұл қылмыстың алдын алу үшін кәсіпкер ұрланып, өлтірілді деген жалған ақпарат тарататы да, күдіктіге «тапсырыс» орындалды деп хабарлайды», - деп атап көрсетті Н. Ораз.

Кәсіпкер арам пиғылын орындау үшін «кісі өлтірушіге» 20 мың АҚШ долларын беремін деп уәде еткен және онымен байланысқа шығып отыру үшін бірнеше sim-карта қолданған.

Қазіргі уақытта кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу іс-шаралары өткізілуде.