ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда күшті желдің әсерінен тағы бір адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, кеше Алматы көшесінде үйдің төбесінен профлист құлап, 37 жастағы ер адамның басынан соққан. Жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, қалада сондай-ақ №43 және №45 орта мектептің, А.Иманов атындағы жол-көлік колледжі және басқа ғимараттардың шатырларының бөліктері ұшқан. Теректер құлап, электр желілері үзілді.
Облыс аудандарында да осындай оқиғалар болды. Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі шығындар есептеліп жатқанын, толық мәлімет кейін берілетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, кеше қатты желдің салдарынан 10 жасар қыздың жарақат алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).