ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Жеңіс күніне орай майдангерлерге 1,5 млн теңгеден беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазіргі таңда облыс орталығында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 13 ардагер тұрады.
Олардың әрқайсысына 1,5 млн теңгеден тиеді.
«Сонымен қатар майдангерлерден бөлек, 15 санат бойынша бір жолғы төлемақы беріледі. Олардың арасында тыл еңбеккерлері, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қызмет атқарған әскери қызметшілер, Ленинград қоршауда болғанда жұмыс істеген азаматтар, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары, жаралануы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер, Чернобыль, Ауғанстан, Таулы Қарабақ қақтығыстарының қатысушылары бар. Жалпы, Орал қаласында Жеңіс күніне орай барлығы 2808 адамға 175 млн теңге көлемінде төлемақы бөлінді» деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, екі жыл бұрын Жеңіс күні Батыс Қазақстанда майдангерлерге 1 млн теңгеден берілген еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).