Оралда жеңіл көлік автобуспен соғысып, 3 адам ауруханаға жатқызылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Mazda көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, № 52 бағытта жүретін автобуспен соқтығысты.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 16 сәуір күні Казталов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында болды.
Жол апатынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен автобустың екі жолаушысы жарақат алды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем оқиға орнына сағат 10.15-те жеткен.
- Оқиға салдарынан 1981 жылғы жүргізуші ашық бас-ми жарақатын алып, оның миы шайқалған. Сонымен қатар ер адам көптеген сынық жарақаттарын алған. Сондай-ақ 1950 және 1964 жылғы әйел адамдардың жабық бас-ми жарақатына қоса миы шайқалған. Оған қоса денелері көгерген. Барлығы да облыстық көпбейінді аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда автокөліктің жүк пойызымен соқтығысқанын жазған болатынбыз.