ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен А.Сарбалина ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі 2-тармағымен (алаяқтық) айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге оның екі жылға бас бостандығы шектелді.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сотталушы 2014 жылдың желтоқсаны мен 2015 жылдың ақпанында төрт адамға Оралдан жер телімдерін алып беруге көмектесемін деп, ақшаларын жымқырған да, тайып тұрған. Сөйтіп жәбірленушілерге 1 млн.-нан астам теңге залал келтірген.
Сот талқысында аталған әйел кінәсін толық мойындады.
Сот үкім шығарған кезде сотталушының айыбын мойындап, өкінгендігін, оның жасын, тұрғылықты мекенжайы бойынша берілген оң мінездемені ескерді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).