ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жер қазу жұмыстары кезінде адам сүйектері табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалаға қарасты Деркөл ауылында Белая казармадағы саяжайлардың бірінде салынып жатқан гаражда шұңқыр қазу сәтінде адам сүйектері шыққан.
Жер қазып жатқан ер адам сүйек пен көне құмыраға тап болғаннан кейін облыстық тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Яна Лұқпановаға хабарласқан. Содан кейін Яна Амангелдіқызы қазба жұмыстарына жетекшілік етті.
Аталмыш орталық директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, сүйекпен қоса жерленген жәдігерлерге қарап мұның сарматтар кезеңіне жататыны анықталды.
«Қазіргі кезде қазба жұмыстары аяқталды. Ғылыми қорытынды алдағы уақытта айтылатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ж.Сафуллин.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).