ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда жер қазу жұмыстары кезінде көміліп қалған ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 6 шілде күні Зачаган кентінде болған.
Зачаган бау-бақша серіктестігі аумағындағы Сарыарқа көшесі 121-үйдің жанынан ор (шұңқыр) қазу жұмыстары барысында шамамен сағат 17.30-да 1955 жылғы азаматтың денесі табылды.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша Зачаган полиция бөлімі ҚР ҚК 104-бабы 1-бөлігіне (абайсызда қазаға ұшырату) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Сол маңда тұратын тұрғындардың сөзіне қарағанда, ер адам трактормен жер қазу жұмыстары кезінде абайсызда шұңқырға түсіп кетіп, содан көміліп қалған. Өзі зейнетке шықса да, жұмыс жасап жүрген.
Марқұм кеше жерленді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ер адамның балық аулаймын деп жүріп суға кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).