ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда жеті жасар бала үшінші қабаттан құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 7 маусым күні сағат 21.06-да Зачаган кентінде болды.
Бірлік көшесі, 13-үйде пәтерлердің бірінде ата-анасының қарауынсыз қалған 2014 жылы туған бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Бұл туралы хабар сағат 22.30-да түскен.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған, оған қоса бұғанасы сынып, кеуде тұсы көгерген бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір травматология бөлімшесінде жатыр, жағдайы орташа», - деп хабарлады ведомстводан.
Жыл басынан бері өңірде көпқабатты үйлердің терезесінен 5 бала құлап, біреуі көз жұмды. БҚО ТЖ департаменті балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ата-аналардың есіне салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кішкентай баланың 5-қабаттан құлап кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).