ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда жоғалған 12 жасар бала аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 24 желтоқсан күні сағат 19.30-да 2006 жылғы Санжар Сатаевтың анасы ұлының жоғалып кеткені жөнінде полицияға жүгінген.
Қаладағы №38 орта мектептің 6-сыныбында оқитын Санжар кеше шамамен 13.30-да сабақтан кейін белгісіз бағытта кетіп қалған.
Аталған дерек БҚО полиция департаментінің барлық жеке құрамына хабарланды.
«Бүгін жасөспірім табылды. Қазір анасымен бірге жүр. Оның неліктен жоғалғаны, түнде қайда болғаны анықталу үстінде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Наурызғалиева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жоғалған баланың іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).