ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында жоғалып кеткен Алмас Мұқанов бір айға жуық уақыттан кейін аман-есен табылды.
Орал қаласының тұрғыны, жоғалған жігіттің әпкесі Марал Құлбарақованың айтуынша, ол інісін Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округіндегі қыстақтан тапқан.
«Інім ерекше бала еді. Көп сөйлемейді, үндемей қалады. Оны қалай алып кеткені белгісіз. Шаруа қожалығының қойын бақтырып қойған. Сақалы өсіп, азып кеткен, жеңіл киіммен жүр екен. Полицейлер іздемеген. Ауылдың қарапайым баласы хабарлағаннан кейін сол қыстаққа барсам, содан табылды. Қалаға алып келдім. Қазір Бәйтерек ауданы Көшім ауылында тұратын апа-жездемнің қолында», - деді Kazinform тілшісіне М.Құлбарақова.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі жігіттің табылуына байланысты ақпаратты кейін беретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жас жігіттің 21 күннен бері табылмай жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).